Семейде полицейлер жоғалған баланы ата-анасына табыстады
Семейде полицейлер жоғалған баланы ата-анасына табыстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының полиция басқармасына 7 жастағы ерекше баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Бала Затон жеке секторындағы үйінен өздігінен шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Баланың жасы және өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіпті ескере отырып, қалалық полицияның жеке құрамы дабыл бойынша шұғыл түрде іздеуге жұмылдырылды. Қызметкерлер көшелерді, аулаларды, бос аумақтарды және баланың жүруі мүмкін бағыттарды тексерді.
Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Арада бір сағат жиырма минут өткен соң, сағат 21:20-да патрульдік полиция батальонының қызметкерлері баланы Қарағайлы шағын ауданынан тапты.
Полицейлер баланы сабырға шақырып, оны аман-есен анасына тапсырды. Ұлын көрген анасы көз жасына ерік берді. Бір жарым сағатқа жуық алаңдап күткен уақыт ана үшін үлкен сынақ болды.
