Павлодарда 4 мыңнан астам тұрғын тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды
Павлодарда 4 мыңнан астам тұрғын тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі уақытта тыныштықты бұзу — павлодарлық тәртіп сақшыларының тұрақты назарында.
Жыл басынан бері Павлодар облысының полиция қызметкерлері азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртібін бұзудың 4567 фактісінің жолын кесті.
— Көбіне шулаған көршілерге көпқабатты үйлердің тұрғындары шағымданады. Көңілді отырыстар, қатты музыка, түнгі уақыттағы айқай-шу, пәтер жөндеу жұмыстары және иттің қатты үруі — мұның барлығы азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртібін бұзу болып саналады, — дейді Павлодар облысының полиция департаменті.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Астана көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары полицияға жүгінген. Олар көрші пәтерден таңғы сағат 5-ке дейін қатты музыка естілгеніне шағымданған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері алдыңғы күні кешке көршілеріне достары келгенін анықтаған. Олар түні бойы алкогольдік ішімдіктер ішіп, қатты ән айтып, көңіл көтерген.
— Қазіргі заманғы қала онсыз да көлік қозғалысының гуіліне, музыкаға, адамдардың дауысына және басқа да жүздеген түрлі дыбыстарға толы. Артық шу адамдарға күйзеліс тудырады. Сондықтан әрбір тұрғын тыныштықта демалатын уақытты бағалайды. Көршілерімізбен сөйлесіп, ескерту жасағанымыздан нәтиже болмады. Сол себепті полициядан көмек сұрауға мәжбүр болдық, — деді полицияға хабарласқан әйел.
Осыған ұқсас жағдай Ткачев көшесіндегі үйдің тұрғынына қатысты да тіркелді. Ол да құрбыларымен бірге өз пәтерінде түнгі уақытта дискотека ұйымдастырған. Тәртіп сақшылары келген кезде қыз көршілерінен кешірім сұрап, өз кінәсін мойындады.
Полиция қызметкерлері пәтер иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырып, қала тұрғындарынан бұдан былай көршілерінің шыдамын сынамауды сұрады.
Полиция тұрғындарға тағы да ескертеді: егер көршілеріңіздегі даңғаза отырыстар түнге дейін созылып, үнемі тыныштықты бұзатын болса, сіз полицияға “102” нөмірі арқылы хабарласып, учаскелік инспекторды шақыруға құқылысыз.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізеді және әкімшілік хаттама толтырады.
