Семейдегі ҚАЖД қызметкерлері «Аналар үйіне» көшпелі сән салонын ұйымдастырды
Семейдегі ҚАЖД қызметкерлері «Аналар үйіне» көшпелі сән салонын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семейдегі №21 түзету мекемесінің қызметкерлері еріктілермен бірге «Аналар үйіне» барып, көшпелі сән салонын ұйымдастырды. Тағдырдың тәлкегімен мейірім мекеніне тап болған жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, шаш үлгісін жасап берді. 2015 жылдан бері қоғамдық негізде жұмыс істейтін «Аналар үйінде» бүгінде 8 ана баласымен бірге тұрып жатыр. Бұған дейін бұл жерді 265 нәзік жанды паналап, өмірден өз орнын тапқан.
– Бізге 8 наурыз мерекесі қарсаңында арнайы келіп, шаш үлгісін жасап, көңіл-күйімізді көтерді. Мейраммен құттықтап, сыйлық табыстарды, деп бөлісті «Аналар үйінің» тұрғыны Дария Назарова.
– Біз «Аналар үйіндегі» қыздарға ерекше көңіл-күй, сұлулық сыйлауға келдік. Мақсатымыз олардың өздеріне деген сенімділіктерін арттыру. Себебі барлық қыздар қандай жағдайда болмасын ханшайым болуға лайықты. Аруларымызды қуанту үшін кішігірім сыйлық та алып келдік, – деп түсіндірді №21 түзету мекемесі кадр саясаты бөлімінің басшысы Гүлнәр Исмаилова