Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сеніп тапсырылған малды сатып жіберген пробация есебіндегі ақтөбелік қамауға алынды

Шаруа қожалығындағы өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салған есепте тұрған ақтөбелік қамауға алынды. Енді ол жазасының қалған бөлігін темір торда өтейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Хромтау ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде қасапшы болып жұмыс істеп жүрген 41 жастағы азамат қожайынының рұқсатымен малшы болып ауысып, оған 1700-ге жуық ұсақ мал сеніп тапсырылады. Алайда қожайыны сенген азамат өзімен бірге мал бағатын серіктесімен бірге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін, яғни 10 бас қойды жымқырып, сатып жібереді.

Сеніп тапсырған бөтеннің мүлкін иемденіп, талан-таражға салу бабы бойынша сотталған сыбайлас малшылардың әрқайсысы екі жылға материалдық жауаптылықпен байланысты қызметтерді атқаруға тыйым салына отырып, екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалады.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметінің қызметкерлері есепке алынған күннен бастап сотталған М.-ға шартты түрдегі жаза өтеу тәртібі түсіндіріп, сот жүктеген міндеттермен толық таныстырады. Алайда есепке алынған күннен бастап сотталған М. жазасын өтеуден жалтарады. 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында сотпен жүктелген 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке бірнеше рет себепсіз шықпағаны, яғни сот жүктеген міндетті орындамағаны үшін пробация қызметкерлерімен оған ескерту жарияланып, екінші рет қайталанған жағдайға жауаптылыққа тартылатындығы ескертіледі. Пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған сотталған бұдан кейін де тексеру барысында тұрғылықты мекенжайын тастап, пробация қызметіне хабарламастан, Ақтөбе қаласындағы көңіл көтеретін орындарда (кафе, бар) ішімдік ішкені анықталады. Бұдан бөлек, ішімдік ішкен күйде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

– Сотталғанның осы әрекеттеріне байланысты онымен бірнеше рет профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді және оның жаза тәртібін бұзған деректері қаскөйлікпен бұзушылық болып танылғандықтан, жазасын бас бостандығына ауыстыру жөніндегі ұсыныс Хромтау аудандық сотына жолданды. Сот ұсынысты қанағаттандырып, сотталған М.-ның жазасының өтелмеген қалған бөлігі, яғни 8 ай 14 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, – дейді Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторы Ізбасар Сәт.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру