Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сервистік модельді масштабтау – елордалық полицияның басымдығы

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев елордалық полиция нысандарын, оның ішінде учаскелік пункттерді, Көші-қон қызметі басқармасын, дене шынықтыру-спорт қоғамын аралап, жұмыс жағдайымен және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондай-ақ, ол сервистік модельдің пилоттық жобасын масштабтау мәселелері бойынша «Сарыарқа» ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұловпен кездесті.

Департамент басшысы қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан халыққа сапалы қызмет көрсете отырып, полицияның сервистік моделіне көшуіне назар аударды. Сервистік модельді дамытудың негізгі бағыттары қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қадамдық қолжетімділік, сондай-ақ, цифрлық технологияларды қолдану болып табылады.

Қазіргі уақытта «Алматы» ауданының Полиция басқармасында құжаттар санын қысқартуға мүмкіндік беретін «Қазақстандық полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы іске асырылуда.

Бүгінде елордада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту үшін модульдік үлгідегі 10 стационарлық бекет ашылды. Олар қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін адамдар көп жиналатын жерлерде орнатылған.

Елордалық полиция басшысы аумақтағы тікелей қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының жағдайы мен жұмысын қарап шықты. Учаскелік инспекторлар күн сайын өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерді аралап, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішкен, белгіленбеген орындарда темекі шеккен және тыныштықты бұзған, ұсақ бұзақылық жасаған, қаланы абаттандыру ережелерін сақтамаған азаматтарға қатысты тиімді шаралар қабылдайды. Полиция мен халықтың жемісті ынтымақтастығы, азаматтарға уақтылы көмек көрсету және олардың тәртіп сақшыларына деген сенімдері арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ведомствоның басымдығы болып табылады.

«Учаскелік инспектордың қызмет көрсететін аумақта тұрақты болуы мен азаматтарды тәулік бойы қабылдауы үшін барлық жағдай жасалуда. Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз», – деді Марат Төлебаев.

Бүгінде жергілікті полиция қызметінің жүйесі жетілдіріліп, жұмыстың жаңа механизмдері, құралдары мен әдістері енгізілуде.

«Процестерді оңтайландыру негізінде «Тиімді учаскелік инспектор» моделі жасалуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Қадамдық қолжетімділік полициясы» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметін реформалау шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына басты рөл беріледі, – деп атап өтті елордалық Полиция департаментінің басшысы.

Қала көшелерінде полицияны шұғыл шақыру үшін азаматтардың қашықтан жүгінуіне арналған 13 батырма орнатылған. Жүгінген азаматтардың көбі негізінен кеңес алу, жеке куәліктің жоғалуына байланысты, адамның хабар-ошарсыз жоғалу фактісі бойынша және телефон ұрлығы, дене жарақатын салу, пәтер тонау және тағы да басқа сынды бұзушылықтарға қатысты жүгінген.

Елордада «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халыққа қолайлы сервис – «102» мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр. Азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың бірегей процесі полицияны халыққа жақынырақ және қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Полицейлердің дене дайындығына да көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта Марат Төлебаев «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамына барып, полицейлердің дене дайындығының маңыздылығына назар аударды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру