Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арандатушылар Шорнақтағы тұрмыстық жанжалды пайдаланып, тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеген

Шорнақ елді-мекеніндегі тұрмыстық жанжалды арандатушылар өз пайдасына жаратып, тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеп отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, арандатудың белгілері бар-жоғын анықтап жатыр. Осы уақытқа дейін елді дүрліктірмек болып жалған ақпарат таратқан 6 адам анықталды.

Олар тәртіп бұзуға үндейтін негізсіз және ескі бейнежазбаларды таратып бақты.

Түркістан облыстық полиция департаменті “өзбек ұлтының өкілдері Шорнақ ауылындағы учаскелік полицейге шабуыл жасады” деген ақпараттың жалған екенін және шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді.

Және осындай ақпарат таратушыларға заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Түркістан облысы Кентау қаласына жақын орналасқан Шорнақ ауылында тұрмыстық жанжал орын алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы заңбұзушылықтың жолын кесті.

Бір топ азамат қарсылық танытып, тәртіпке бағынбаса да, полиция қызметкері алған жарақатына қарамастан басбұзарлардың қару қолдануына және қол жұмсауына жол берген жоқ. Тас тиген учаскелік инспектор мен 3 тұрғынға сол жерде медициналық көмек көрсетілді.

Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар 4 азамат анықталып, ұсталды. Екі тараптан екі азамат сот шешімімен қамауға алынды. Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Жанжал болған ертеңіне арандатушылар жақын маңдағы ауыл тұрғындарын шақырып, бұзақылық жасауға үндеген. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Ауыл тұрғындарымен жергілікті әкімшілік өкілдері және облыстың қоғам белсенділері кездесті. Содан соң барып ауылдағы жағдай бірқалыпқа түсті.

Қазіргі таңда ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру