ШҚО-да кинолог баланы терезеден құлаудан құтқарып қалды
ШҚО-да кинолог баланы терезеден құлаудан құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 жасар бала үйдің бесінші қабатындағы ашық терезеге шығып алған. Пәтерге бірінші болып жүгірген инспектор-кинолог қайғылы жағдайдың алдын алды.
9 тамызда Ұлан аудандық полиция бөлімінің 102 жедел арнасына Қасым Қайсенов кентіндегі Абай алаңындағы үйлердің бірінің терезесінде жас бала тұрғаны туралы қоңырау түскен.
Дабыл бойынша жедел-тергеу тобы дереу мекенжайға жіберілді. Бірнеше минуттан кейін полицейлер оқиға орнына жеткен, алайда олар келгенге дейін ол жерге қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында инспектор-кинолог Асыл Беріков жетіп алып, оқиғаға жол бермеу бойынша дереу шаралар қабылданды.
Кейін хабарланғандай, Асыл шақыртуды тіркеу кезінде үйдің ауласына жүгіре жөнеліп, кіре беріс есікті ашып, 5-қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін қаққан. Есікті 12 жастағы қыз бала ашты, ол інісінің ашық терезенің алдына шығып алғанын байқамаған. Бөлмеге жүгіріп келіп, полицей баланы әңгімеге тартып, терезенің алдынан көтеріп алған. Жас балалардың ата-аналары осы уақытта сол үйдің астында орналасқан дүкенге кеткен екен. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.