ШҚО-да «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы барысында 5 млн. теңгеге ұрланған мал қайтарылды
2020 жылдың 24-28 ақпан аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында мал ұрлығының алдын алу, мал ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтау, оларды ұстау және жауапкершілікке тарту мақсатында «Мал ұрлығы» жедел – алдын алу іс-шарасы өткізілді,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында 40-тан астам мобильді топ жұмылдырылды. Сондай-ақ, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы ММ қызметкерлері тартылды. Бес күн бойы полиция қызметкерлері 430-дан астам мал және ет өнімдерін тасымалдағн көліктерді, 193 мал және ет өнімдерін сататын орындарды тексерді.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 8 мал ұрлығы фактісі анықталып, 19 бас мал иелеріне қайтарылды.
Бұрын жасалған 27 мал ұрлығы ашылды, оның ішінде 6 ауыр, 15-і «өткен жылдар» санатынан, 5 млн.теңгеден астам сомаға ұрланған 100-ден астам мал басының заңды иелеріне қайтарылды.
Мысалы, Үржар ауданының тұрғынынан белгісіз біреулер өткен жылдың қараша айының соңында Қызылбұлақ ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан жайылымнан жасырын түрде жылқысын ұрлап кеткен. Бірнеше ай бойы ер адам ұрланған мүлікті өз бетімен іздеуге тырысты және жақында полиция көмегіне жүгінді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын осындай қылмыстарға бірнеше рет тартылған көрші ауылдың 54 жастағы тұрғыны болып шықты. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар, жоғалған және ұрланған малдарды іздестіру, сондай-ақ браконьерлік фактілерді анықтау, жолын кесу бойынша іздестіру шараларын жүргізу үшін ШҚО полиция департаментінің қызметкерлері әуе көлігін тарту арқылы іздеу жұмыстарына бастамашылық жасады.
Мал ұрлығымен және браконьерлікпен күрес жұмыстарын ұйымдастыру Полиция департаменті басшылығының ұдайы бақылауында.