ШҚО-да полицейлер арасында үздік атқыштар анықталды
ШҚО-да полицейлер арасында үздік атқыштар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр қарсаңында ШҚО полиция департаментінде аппарат қызметкерлері арасында жауынгерлік қарудан ату чемпионаты өтті.
Турнирді ШҚО ПД бастығының орынбасары Ренат Унарбеков салтанатты түрде құттықтау сөзімен ашып, тәртіп сақшыларына зор денсаулық, амандық, ашық аспан және Отанымыздың игілігі үшін қызметте табыс тіледі.
– Спортпен белсенді айналысу, салауатты өмір салтын насихаттау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі, – деп атап өтті Ренат Унарбеков.
Оқ ату ішкі істер органдарындағы негізгі қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің бірі. Кей жағдайларда азаматтардың өмірі полицейдің табельдік қаруды игеру және оны дағдарыс жағдайында шебер қолдану дағдылары мен қабілеттеріне байланысты болады.
Үздік атқыш атағы үшін 20 полиция қызметкері күресті. Жарыс критерийлері екі ережеден тұрды. Біріншісі – бір қолмен 25 метр қашықтықта ату. Екіншісі – байқауға қатысушылардың 3 сынақ және 10 сынақ атысы болды.
Жарыс қорытындысы бойынша ІІО анықтау басқармасының аға анықтаушысы – Татьяна Титаренко әйелдер арасында үздік атанды. Күміс жүлдеге ПД штаб-басқармасының аға инспекторы – Жанар Мұхаметжанова ие болды. Тартысты додада жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы – Қарлығаш Құдекенова жүлделі ІІІ орын иегері атанды.
Ерлер арасында жеке есепте бірінші орынды ПД патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы – Ақылбек Базылбеков жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды Асхат Жакенов қанжығасына байлады. Ал Аймханов Ернат қола медальге ие болды.
Жеңімпаздарға грамоталар, кубоктар, медаль мен сыйлықтар табыс етілді.