ШҚО-да пробация қызметкерлері есепте тұрған әйелдің қызына мектепке қажетті оқу құралдарын табыстады
ШҚО-да жаңа оқу жылы қарсаңында пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған әйелдің отбасына қолдау көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылы — әр отбасы үшін маңызды кезең. Әсіресе баласын жалғыз тәрбиелеп отырған, әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайға тап болған ата-ана үшін мектепке қажетті заттардың бәрін дайындау оңайға соқпауы мүмкін.
Осындай отбасылардың бірі пробация қызметінің назарында болды. Есепте тұрған әйел кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеп отыр. Отбасының жағдайын ескере отырып, пробация қызметінің қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, балаға қажетті оқу құралдары мен кеңсе тауарларын алып беріп, жаңа оқу жылына толық дайындалуына көмектесті.
Пробация қызметінің басты мақсатының бірі — адамға жаңа мүмкіндік беру. Ал балаға жасалған қолдау — отбасының болашағына жасалған инвестиция.
— Пробация қызметінің жұмысы тек бақылау мен қадағалаудан тұрмайды. Біздің басты міндетіміз — қиын өмірлік жағдайға тап болған адамға қолдау көрсетіп, дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік беру. Әсіресе балалардың жағдайына ерекше көңіл бөлеміз. Себебі әрбір бала қамқорлық пен қолдауды сезіну керек, — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
