ШҚО-да қызыл кітапқа енгізілген 4 мыңнан астам торжуа тәркіленді
Риддер қаласында қызыл кітапқа енгізілген 4 мыңнан астам торжуа тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр айының басында Риддер қаласын патрульдеу кезінде дүкендердің бірінің маңыда полиция қызметкерлері 58 жастағы әйел адамды тоқтатқан. Ол өзімен бірге сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерге жататын 976 дана ұсақ торжуаны алып жүргені белгілі болды.
Сондай-ақ, 47 жастағы тағы бір әйел адам мен 46 жастағы ер адамнан да 984 және 2063 дана ұсақ торжуа табылып, тәркіленді.
Тергеу барысында үшеуі Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы, Черемшанка ауылы маңында сирек кездесетін өсімдікті жинап, Риддер қаласына сату үшін әкелгендігі анықталды.
Заңсыз әрекеттен келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 7 млн теңгені құрады. Жауап алу кезінде әрқайсысы өз кінәсін мойындады.
Оларға қатысты елден кетпеу туралы жазбаша міндеттеу түріндегі процесстік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 339-бабымен 1, 2-бөлігі (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Егер кінәләрі дәлелденген жағдайда, күдіктілерді 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.