ШҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
“Алкогольсіз ауыл” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын, қоғамдық келісім мен қауіпсіздікті қолдайтын елдімекендердің саны артып келеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдаған кезекті ауыл – Тарбағатай ауданындағы Қамысты ауылы болды.
Бүгінде ауылда 22 үй бар, онда 89 адам тұрады. Тұрғындар санының аздығына қарамастан, ауыл халқы қоғамдық өмірге белсенді араласып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қоғамдағы қолайлы ахуалды нығайтуға ерекше көңіл бөледі.
“Алкогольсіз ауыл” бастамасына қосылу туралы шешімді тұрғындар ерікті түрде және бірауыздан қабылдады. Ауыл халқының пікірінше, алкогольден бас тарту денсаулықты нығайтуға, жеке жауапкершілікті арттыруға және балалар мен жастарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Қамысты ауылы осы бастаманы қолдаған Шығыс Қазақстан облысындағы 28-елдімекен атанды.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде мұндай бастамалардың құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімді құрал екені және “Заң мен тәртіп” қағидатын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
— Қоғамдық қауіпсіздік әр адамның саналы таңдауынан басталады. Тұрғындар өзара құрметке, жауапкершілікке және салауатты өмір салтына негізделген ортақ құндылықтар төңірегінде біріге білгенде, бұл елдімекендегі тәртіптің, тұрақтылық пен әл-ауқаттың нығаюына оң әсер етеді, — деп атап өтті полиция өкілдері.
Қамысты ауылы тұрғындарының бастамасы жергілікті қоғамдастықтың бірлескен күш-жігері қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретінінің тағы бір жарқын үлгісі болды.
