ШҚО-да жас полицейлер мен тәлімгерлердің кездесуі өтті
ШҚО-да жас полицейлер мен тәлімгерлердің кездесуі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагері Рахимов Құрмат Рахимұлының туған күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің музейінде жас полиция қызметкерлерінің ардагерлермен және тәлімгерлермен кездесуі өтті.
Іс-шара заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында 39 жылдан астам уақытын арнап, өңірдің ішкі істер органдары тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның рухына арналды.
Кездесу барысында ардагерлер Құрмат Рахимов туралы жоғары кәсіби білігімен ерекшеленген маман, талапшыл басшы әрі бірнеше буын қызметкерді тәрбиелеген тәлімгер ретінде естеліктерімен бөлісті.
— Құрмат Рахимұлы – кітаптан емес, өз ісімен үлгі көрсеткен жан еді. Ол әрдайым жас қызметкерлерге уақыт тауып, тәжірибесімен бөлісіп, қолдау көрсетіп, қызметке адал қарауды үйрететін. Көпшілік үшін ол мәңгілікке нағыз ұстаз болып қала береді, – деп атап өтті ШҚО ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев.
Сабақтастық тақырыбын жалғастырған ШҚО ПД Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі Бақытжан Торғаев ардагерлердің жас қызметкерлердің кәсіби және адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталды.
— Нұрлыбек Ғалиұлының буыны Құрмат атаның тәлімін алды, ал біз солардан үйрендік. Қызметтің үздік дәстүрі осылай сақталады. Бүгінде біздің міндетіміз – алдыңғы буын тәртіп сақшылары ұстанған құндылықтарды жас қызметкерлерге жеткізу, – деді ол.
Кездесу өзара құрмет пен шынайы ризашылық атмосферасында өтті. Жас полицейлер ішкі істер органдарының тарихы туралы тың мәлімет алып, Құрмат Рахимұлымен бірге қызмет атқарған азаматтардың естеліктерін тыңдауға мүмкіндік алды.
Іс-шара ардагерді бір минут үнсіздікпен еске алумен аяқталды. Оның ғұмыры мен қызмет жолы Отанға адалдықтың, ерліктің және кәсібіне деген шексіз берілгендіктің жарқын үлгісі болып қала береді.
