ШҚО полицейлері 30 жыл бойы құжатсыз жүрген азаматқа жеке куәлік алуға көмектесті
Полицейлер ШҚО тұрғынына ҚР азаматының жеке куәлігін ресімдеу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тарбағай ауданының 56 жастағы тұрғыны 30 жылдан астам уақыт бойы өзінің жеке басын растайтын құжатсыз жүрген.
Оның туу туралы куәлігі болған, бірақ ата-анасының екеуінен де ерте айырылған соң, оның құжаттарын уақытылы реттейтін ешкім болмағаны белгілі болды, ал кәмелеттік жасына толғаннан кейін, құжаттарды ресімдеуге уақыт болмаған.
Полицейлер ер адамға қажетті құжаттарды жинауға көмектесті. Тәртіп сақшыларының көмегімен туу туралы куәлікті алуға мүмкіндік пайда болды. Сонымен қатар оның КСРО ыдырағаннан кейін ешбір елдің азаматтығын алмағаны анықталды.
Барлық қажетті құжатты жинағаннан кейін көші-қон қызметінің қызметкерлері ауыл тұрғынына Қазақстан Республикасы азаматының алғашқы жеке куәлігін табыс етті.
Енді Тарбағай ауданының тұрғыны әлеуметтік және медициналық қызметтерді еш қиындықсыз ала алады және зейнетақы қорына тіркеле алады.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан полицейлері осындай жағдайға тап болған 28 азаматқа көмек көрсеткенін атап өткен жөн.