ШҚО полицейлері Алтай ауданының тұрғынынан заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркіледі
15 мамыр күні Серебрянск қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тіркелмеген қаруды сақтау фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғындарының бірінен оның жеке секторы аумағында полицейлер тіркелмеген бес тегіс ұңғылы мылтықты, ұсақ калибрлі мылтықтың ұңғысын, үш аңшылық пышақты, сондай-ақ 50-ден астам патронды тәркіледі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі қазіргі уақытта полицейлер тіркелмеген қарудың қайдан шыққанын анықтап жатқаны туралы түсініктеме берді. Баллистикалық сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ өңірде «Қаруды тапсыр» науқаны өтіп жатқанын, оның аясында заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатынын атап өтті.
Қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әрбір бірлігі оның техникалық күйін ескере отырып республикалық бюджеттен 10-нан 100 АЕК-ке дейінгі төлем көзделеді.
Қаруды тапсыру үшін кез-келген полиция бөліміне хабарласыңыз немесе «102» нөміріне қоңырау шалыңыз.