ШҚО полицейлері есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушіні ұстады
ШҚО полицейлері есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 маусымда Гагарин бульварын патрульдеу кезінде ШҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Porsche Cayenne көлік құралын байқаған. Жүргізуші жолдың жолағынан шығып, жылдамдықты біресе арттырып біресе төмендеткен.
Полицейлер жол жүрісі қағидаларын бұзушыны тоқтатқан. Онымен әңгімелесу кезінде полиция қызметкерлері айқын масаң күйдегі адамның белгілерін байқаған. Медициналық куәландыру нәтижелері 66 жастағы азаматтың каннабиноидтарды қолданудан туындаған есірткілік масаң күйде болғанын көрсеткен.
ЖЖҚ бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Жүргізуші мен көлік құрамы криминалдық полиция қызметкерлеріне әрі қарай процестік әрекеттер жүргізуге берілген.
ШҚО ПД баспасөз қызметі өткен аптада ғана полиция қызметкерлері көлік құралдарын масаң күйде басқарған 40 жүргізушіні ұстағанын хабарлаған.
Полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.