ШҚО полицейлері жоғалған екі баланы 15 минутта тапты
ШҚО полицейлері жоғалған екі баланы 15 минутта тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 сәуірде Алтай қаласында Алтай аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция взводының инспекторы Рүстем Рысбеков Нұржан Жұмағұловпен бірге Комаров көшесін патрульдеу кезінде өте қатты қобалжып тұрған қарт әйелді байқады.
Полицейлер әжейдің 7 және 6 жастағы немерелерімен үйдің ауласына серуенге шыққанын білді, біраз уақыт немерелерін қараусыз қалдырған әжесі қыздардың ойын алаңынан жоғалып кеткенін байқамай қалған. Әйел балаларды іздеген, алайда өздігінен іздестіру оң нәтиже бермеген.
Полиция қызметкерлері әжесінің сүйемелдеуімен дереу сәбилерді іздей бастады. 15 минуттан кейін балалар басқа үйдің ауласынан табылды. Қыздардың айтуынша, олар басқа балалармен ойнап, әжесіне ескертпестен ойын алаңынан кетіп қалған.
Толқу мен уайымнан қарт әйел өзін нашар сезінгендіктен, тәртіп сақшылары оған жедел жәрдем шақырды. Балалар аман-есен туыстарына тапсырылды.