ШҚО полициясы кредиторларға 8 млн теңге қарыз болған азаматты тапты
«Мигрант» ЖПІШ: ШҚО полициясы кредиторларға 8 млн теңге қарыз болған азаматты тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 ақпанда Шығыс Қазақстанда «Мигрант» Республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы басталды.
Осы кезеңде тәртіп сақшылары «Халықтың көші-қоны туралы» заңнамасының талаптарын сақтау және қоныстанған шетелдіктер туралы ақпараттандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Тоғыз күн бойы тұрақты және уақытша тұрғылықты жері бойынша шетелдіктерді тиісті есепке алу мен бақылауды қамтамасыз ету мақсатында облыста шетелдіктердің болу қағидаларымен бұзушылықтарды анықтау мақсатында полицейлер базарларды, құрылыс объектілерін, сауда үйлерін және қызмет көрсету салаларын тексеру бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Полиция департаменті облыс аумағындағы және уақытша тұруға рұқсаты жоқ не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын шетелдіктерге тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметі бөлімшелеріне жүгіну қажеттігі туралы хабарлайды.
Сонымен қатар көші-қон қызметі қызметкерлері ЖПІШ кезінде алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер мен алимент төлеушілерді іздестіруді жалғастырады.
Мәселен, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші күні тәртіп сақшылары бірнеше сағат ішінде банктердің біріне 8 млн теңгеден астам қарыз болған іздеуде жүрген азаматтың тұрғылықты жерін анықтаған. Борышкер төрт ай бойы төлем жасаудан жалтарып, сот приставтарынан жасырынғаны белгілі болған. Қазіргі уақытта мәліметтер қарызды өндіріп алу бойынша шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға берілді.
«Мигрант» ЖПІШ 28 ақпанға дейін жалғасады.