ШҚО ҚАЖ қызметкерлері балалар ауылына арнайы барды
ШҚО-да Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері жеке кәсіпкерлермен бірге балалар күні қарсаңында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың арман-тілектерін орындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласында орналасқан балалар ауылында бүгінде сегіз үйде 71 бала тәрбиеленіп жатыр.
Биылғы жылы осы балалар ауылынан 17 мектеп бітіруші түлек қанат қағып ұшады.
ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері жеке кәсіпкерлермен бірге мектеп бітіруші екі бойжеткеннің арманының орындалуына қол ұшын берді.
– 17 жастағы Әдемі бұрыннан жаңа ұялы телефоным болса деп армандаған екен. Ал 17 жастағы Даша осы орталыққа Ресей Федерациясынан қоныс аударып келгеннен кейін түсіпті. Даша Семей қаласында дүниеге келіп, бес жасында Ресей Федерациясына кетіп, сол жақтың азаматтығын алған екен. Кейіннен Қазақстанға қайтып келген. Әкесі қайтыс болған соң анасы ішімдікке салынып, ана құқығынан айырылған, ал кішкентай Даша балалар ауылына түскен. Биыл Даша 11 сыныпты аяқтағалы отыр. Алда оқуға түсіп, өз өмірін бастау үшін оған куәлік алып, Қазақстанның азаматтығы қажет. Ол үшін Ресей елшілігімен құжаттарды рәсімдеу үшін қаражат керек екен. Дашаның мәселесін естіген соң Балалар күні қарсаңында қолына қажетті сомадағы ақша салынған конвертті ұсынынуды жөн көрдік, – деді департамент бастығының орынбасары Ғалымжан Балтабаев.
Балалар ауылының басқа да бүлдіршіндері тәтті балмұздақ пен түрлі сыйлықтарға ие болды.