Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО ҚАЖД қызмет барысында қаза тапқан полицейлерді еске алды

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің ОВ-156/18 мекемесінде 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында қызметтік борышын атқару барысында қаза болған қызметкерлер мен олардың ерлігін еске алуға арналған апталық өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

​Апталық құқық қорғау органдары қызметкерлірінің бойында отансүйгіштік, ержүректілік және қызметтік анттарына беріктілік қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Апталық шеңберінде дөңгелек үстел, кітап көрмесі, қабырға газеттері көрмесі және деректі фильмдер көрсету және слайд-көрсетілімдер ұйымдастырылды.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихында қызметтік борыштарын өтей жүріп 700-ден астам қызметкер қаза болған, ал екі мыңнан астамы түрлі жарақаттар алған. Мыңнан астам құқық қорғаушы мемлекеттік наградаларды иеленген, олардың 120-дан астамына қайтыс болуымен бірге марапаттар тағайындалған. Дәл осындай азат елдің алып тұлғаларының ерлігін ұмытпау әрі насихаттау – біздің бүгінгі міндетіміз, – деп мекеме бастығы Нұрлан Сагандыков апталықтың ашылу салатанатында сөз бастады.

Деректі фильм мен слайд-көрсетілімдері тәрбие бөлімі ұйымдастырылуымен жүзеге асырылды, бұл шара ҚР Тұңғыш Президенті Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілген Ғазиз Байтасовтың тұлғасы мен оның тайсалмас табандылығына арналды. Мекеме бастығы тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәнібек Сыдықов:

– Ғазиз Байтасов тірі болса биыл елуге толар еді. Қарапайым полицей, 2011 жылдың 12 қарашасында аса қауіпті қылмыскердің ізіне түсіп, ашық қарулы шабуылдауға көшкен. Сол сәтте, террористтің қолындағы гранатаны көрген Байтасов, өзінің кідіруге еш уақыты жоқ екендігін айқын түсініп, көзді ашып-жұмғанша, зұлым пиғылды қылмыскерді жерге құлатып, жарылыстың зардабын азайту үшін өз денесімен қымтап, жабуға тырысқан. Осылайша террористтен қарапайым адамдарға төнген қауіптің беті қайтарылды, қылмыскер жойылды, ал ержүрек Ғазиз Байтасов айналадағы адамдардың өмірін алып қалу үшін, өз өмірін құрбан етті.

Қабырға газеті кейіпкері ретінде жерлесіміз, Бородулиха ауданының тумасы Жанар Бәбенов және оның ерлігі таңдалды. Жас маман – мекеменің кадрлық саясат бөлімінің инспекторы Еркежан Уаисова, көзіне жас ала отырып, Жанар Хамидуллаевичтің ерлігін тілге тиек етті:

– 1968 жылы дүниеге келген Жанар Бәбенов қылмыстық іздеу қызметінің аға жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарған. Жұмысынан тыс, демалыс кезінде, аудан орталығы аймағында жүріп бара жатып, бір топ ішімдік ішкіндердің бұзақылық әрекеттері мен топтық төбелесіп жатқандарын тиюға тырысқан сәтінде, пышақ жарақатын алып, сол жерде есін жимастан, қаза болған. Бүгінгі күні, Жанар ағамыздың есімі Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қаза болған құқық қорғау органы қызметкерлінің Мемориалында мәңгілікке қашалып жазылған.

Ал жедел бөлім қызметкерлімен іске асырылған дөңгелек үстел шеңберінде арнайы мамандандырылған күзет қызметінің қызметкерлері Жаксыбек Байсеитов пен Полат Аянкуловтың ерліктері жөнінде әңгіме қозғалды. Мекеменің жедел бөлімі бастығы Мейрамұлы Бейбіт:

– Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері Байсеитов пен Аянкулов аса қауіпті қылмыскер, бұрын да бірқатар қылмыс жасаған Кариевтің ізіне түсті. Соңына түскен тәртіп сақшыларын көрген қылмыскер оларға қарсы автоматтан оқ ата бастаған. Ашылған ашық тойтарыс кезінде Жаксыбек Байсеитов пен Полат Аянкулов өздерінің ауыр жарақаттарына қарамастан, қызметтік қаруларынан қылмыскерге қарсы шабуыл ұйымдастыра бастаған. Террорист полицейлердің автокөліктеріне жақын келіп, ашық қапталдан құқық қорғаушыларды өлтірген. Полат Аянкуловтың соңында жұбайы мен екі баласы қалса, Жаксыбек Байсейтовтің өмірден өткені жұбайы мен өсіп келе жатқан қызына орны толмас қаза болып қала бермек.

Өткізілген іс шараға қылмыстық-атқару жүйесі зейнеткер-ардагерлері, өлкенің ақсақалдар алқасы мүшелері қатысты. Зейнеткер қызметкер, отставкадағы әділет майоры Руслан Балдиев:

– Аталған тұлғалардың ерліктері құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін ғана емес, жалпы, қоғамның кез-келген мүшесіне қанмен жазылған сабақ әрі үлгі болатыны анық. Мұндай ерлікті бүгінгі ұрпақтың ұмыт қалдыруға ешбір құқығы жоқ және ұмытпайтынына де сенімдіміз.

Үстіміздегі форма мен иыққа тағылған шең тек қана билік пен лауазымның белгісі ғана емес, ол – бізге артылған үлкен сенім мен жауапкершіліктің нышаны, осыны ұмыт қалдырмағайсыздар, әріптестер, – деп ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Мұндай қомақты шара мекемеде жылдағы дәстүрге айналған. Отандық полицейлер күнін мереке ретінде тойламастан бұрын, осы атақты абыроймен атқарып, өмірлерін өскелең ұрпақтың бақыты мен шаттығы үшін қиған қызметкерлердің тарихына тағзым еткен жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру