Шу полицейлері екі алаяқтық дерегін ашты
Шу полицейлері екі алаяқтық дерегін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші жағдайда, Шу ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын өзінің танысының алдау жолымен банк қосымшасы арқылы 1 млн теңге көлемінде несие ресімдегені туралы шағымданған.
Бір аптадан кейін сол полиция бөліміне 25 жастағы әйел де осындай мәтінде шағым түсірген. Ол күйеуінің досы смартфонындағы банк қосымшасы арқылы 956 мың теңге көлемінде тауарлық кредит ресімдегенін хабарлады.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және тергеу барысында Шу ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталды.
Күдікті кінәсін толық мойындады, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Екінші жағдайда, 1 млн теңгеден астам сомаға алданып қалғаны туралы полицияға 35 жастағы Шу қаласының тұрғыны хабарлады. Жәбірленуші 2021 жылдың қазан айында ломбардтардың бірінің алтынына салынған инвестициялар есебінен ай сайын 20%-ға кірісті ұлғайту сылтауымен сенімге кіріп, оның 1,1 млн теңге көлеміндегі ақшасын иемденгенін айтты.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Шу ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол Шу қаласының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады.