Шымкент тұрғыны кәсіп ашамын деп қомақты қаражатынан айырылды
Шымкент тұрғыны кәсіп ашамын деп қомақты қаражатынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын жүгінген. Ол өз арызында бейтаныс азамат келіп, 2022 жылдың сәуір айында “Қошқар ата” демалыс аймағында балмұздақ сататын орынды заңдастырып беремін деп сеніміне кіргенін, осылайша алаяқтық жолмен алдын ала 500 мың теңге алып кеткенін көрсеткен.
Тәртіп сақшылары аталған деректі ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде күдіктінің “ізін суытпай” тәулік ішінде қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 42 жастағы тұрғыны болып шықты. Жоғары білімді, уақытша жұмыссыз. Бұрын-соңды істі болмаған.
Тергеу кезінде ұсталған азамат ойланбай жасаған әрекетінің соңы қылмыстық жазамен аяқталатынын білмегендігін алға тартып, бұл үшін өкінетінін жеткізді.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.