Шымкентте 10-ға жуық тұрғынды алдап соққан жігіт құрықталды
Шымкентте 10-ға жуық тұрғынды алдап соққан жігіт құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы Еңбекші аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел өз шағымында әлеуметтік желідегі жарнама арқылы, WhatsApp желісіндегі топқа қосылғанын, топтың әкімшісі кез келген ақшаны екі еселеп көбейтіп беруге уәде бергенін көрсетті. Өз құрбандарының сеніміне кіру үшін алаяқ жиі-жиі жалпы чатқа дәлелдеме ретінде ұтыс түбіртектерінің фотосуреттерін жіберіп отырған. Нәтижесінде, күдікті оның 750 мың теңгесін алаяқтық жолмен өз есеп шотына аудартып алған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінді. Тәртіп сақшылары осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізді.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде, ер адам тұрғылықты мекенжайында құрықталды. Тексеру кезінде күдіктінің осындай сылтаумен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тағы 6 тұрғынын алдағаны анықталды. Белгілі болғандай, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі – 2,5 млн теңгеден асады.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-ші бөлігі (Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) бойынша тіркеген.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы тұста полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.