Шымкентте Арбаттағы жарық шамдарды бүлдіргендер жауапқа тартылды
Шымкентте Арбаттағы жарық шамдарды бүлдіргендер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қыркүйекте кешкі уақытта «Арбат» демалыс орнында серуендеп жүрген екі жас жігіт сондағы жарық шамдарын қасақана қызық үшін жерге тартып, біршама залал келтірген. Бұл көріністі жанында бірге жүрген достары видеоға түсірген. Соңынан бұл бейнежазба сол күні-ақ, әлеуметтік желіде таралып, қоғамның қызу талқысына түсті.
Патрульдік полиция полкінің Туристерге қызмет көрсету жөніндегі инспекторлары тиісті әкімшілік аумақта қызмет атқару барысында бейнебақылау камералары арқылы олардың оғаш іс-әрекетін байқайды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жедел іске кірісіп, сәндік жарық шамдарды бүлдірген екі жігітті де қолға түсірді.
Аталған жайт бойынша оларға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) және 437-бабымен (Тыныштықты бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта өтетін ақпарат, қаладағы бірегей «Арбат» демалыс орталығының әкімшілік аумағында бұзақылық жасап, көптің ашуын тудырған екі азамат та қала әкімдігі және тұрғындар алдында өз қателіктерін мойындап, бұл үшін өкінетіндерін жеткізіп, кешірім сұрады.