Шымкентте дүкендерге шатыр арқылы кірген әккі ұры ұсталды
Шымкентте дүкендерге шатыр арқылы кірген әккі ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай АПБ-ға бірдей мазмұнды үш арыз түскен. Зардап шеккендер – Қайнар бұлақ саяжайының аумағында орналасқан дүкен иелері. Сауда нүктелеріндегі ұрлық түнгі уақытта жасалған. Барлық жағдайда күдікті ғимараттардың шатырын ашып, төбені бұзу арқылы ішке кірген.
Ұры екі дүкеннің кассасынан жалпы сомасы 130 мың теңге жымқырды. Ал үшінші кәсіпкерден смартфон, ақша және сөредегі алкогольдік сусындар мен темекі өнімдерін қолды еткен. Оған келтірілген шығын 1 млн теңгеден асты.
Заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық деректерін тергеп-тексеруді аға тергеуші Бибарыс Багов қолға алды. Тәртіп сақшысы әріптестерімен бірге қылмыс орындарын, жәбірленушілердің айғақтарын мұқият зерттеп, барлық куәгерлерден жауап алды.
Аталған жайттарды ашуда бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады.
Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған жергілікті тұрғын болып шықты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жас жігіт ұсталып, қамауға алынды. Оның тағы екі саяжай ұрлығына қатысы бар екендігі анықталды.
Ол алғашында біреудің үйінің ауласынан велосипед ұрласа, кейін зейнеткердің үйінен ұялы телефоны мен киім-кешектерді жымқырған.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Алдағы уақытта іс-құжаттар барлық жиналған дәлелдемелермен сотқа жолданады.