Шымкентте карантин режимін бұзғандар анықталды
Шымкентте мониторинг жүргізу барысында карантин режимін бұзу жайттары анықталуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жүргізілген рейд кезінде 2021 жылдың 12 наурызында сағат 21:40-та Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, №104 үйде орналасқан «Аригато» рестораны карантиндік талаптарды сақтамай, жұмыс жасап жатқаны анықталды.
«Аригато» ресторанына келушілердің сегіз үстелде қорқор тартып отырғаны белгілі болды. Рейдтік шаралар қала аумағында күшейтілген режимде жүруде. Ресторан қызметкерлері бір реттік бетпердені толық тақпай, келушілердің дене қызуы өлшенбейтіндігі белгілі болды. Мекеме әкімшісінен түсініктеме алынды.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырады. Сондай-ақ карантин талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылатынын еске салады.