Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте қарт әжені алдап, ақшасын алған күдікті қолға түсті

Шымкентте күдікті өзін 83 жастағы қартқа полиция тергеушісі ретінде таныстырып, ақшасын ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түн ортасында ер адам жәбірленушіге өзін Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырып, зейнеткердің қызы ауыр жол-көлік оқиғасын жасады деген айыппен ұсталғанын хабарлаған.

Жалған полиция қызметкері егер анасы ақшасын төлесе, күдіктіні қазір босатуға болады деп сендірген. Әбден қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен.

Күдікті ақша алуға курьер келгенше жәбірленушіге ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке әжей 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған.

Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлаған. Аталған жайт бойынша тергеушілер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері іздеу шараларының нәтижесінде мекен-жайдан ақша алған курьердің жеке басын анықтап, ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ұсталған адам мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады. Ол алған ақшаның 90%-ын онлайн-жұмыс берушілердің есеп шотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып қалып отырған.

Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу барысында интернет-алаяқтық жасаған күдіктінің сыбайластары анықталатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру