Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте рейдтік шара барысында 90 құқық бұзушылық анықталды

Шымкенттің Еңбекші ауданында рейдтік шара барысында 90 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері 30 наурыз сағат 17.00-ден 31 наурыз сағат 01.00-ге дейінгі аралықта көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және тиісті тәртіпті сақтау мақсатында рейдтік іс-шара жүргізді.

Шара барысында 90 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің тиісті баптары бойынша жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда қоқыс тастаған – 26, белгiленбеген орындарда сауда жасаған төрт адамды, тыныштықты бұзған үш құқық бұзушыны анықтаған.

Сондай-ақ, алкогольдік ішімдіктерді iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген алты жайт, абаттандыру қағидаларын бұзған екі дерек, кәмелетке толмаған жастардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны туралы жеті жайт тіркелген.

Бұдан өзге, ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, ҚР-ның аумағына әкелу, ҚР-ның аумағынан әкету және ҚР-ның аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзған) бойынша 16 азаматқа және өзге де құқық бұзушылықтар бойынша 23 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Осыған орай, мегаполис полицейлері азаматтардың кез келген заң бұзушылыққа жол беруге болмайтынын ескертеді, сонымен қатар тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру