Шымкентте рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаған 51 тұрғын жауапқа тартылды
Шымкентте рұқсат етілмеген орындарда сауда жасаған 51 тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары 7-13 ақпан күндері аралығында аудан аумағында рейдтік іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараның барысында белгіленбеген орындарда сауда-саттық жүргізген 51 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабымен (Белгiленбеген орындарда сауда жасау) әкімшілік хаттама толтырды.
Өз кезегінде шымкенттік полицейлер қала аумағында ретсіз сауда жасаушыларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасының негізгі баптарын түсіндіріп, қала аумағындағы базарлар мен белгіленген орындарда ғана сауда жасау керектегін ескертті.
– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-бабына (Белгiленбеген орындарда сауда жасау) сәйкес белгіленбеген жерде сауда жасау – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бірақ сатушылар бұл тәртіпті елемей, қайталап жатады. Бұл жағдайда айыппұл 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артады, – деді полицейлер.
Айта кетейік, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.