Шымкентте ұрылар бір түн ішінде төрт көлікті тонап кеткен
Шымкентте ұрылар бір түн ішінде төрт көлікті тонап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға наурыз айының ортасында болған. Түнгі уақытта екі дос техникалық жөндеу орталығына жасырын кіріп, күзеттің жоқтығына көз жеткізіп, иелері жөндеуге қалдырған 4 көлікті тонап кеткен. Барлық көліктердің аккумуляторлары мен магнитолаларын шешіп алған. Омен қоса, автокөліктерден музыкалық бағандар, дискілер, 3 метрлік арқан жібі және 10 литрлік тосол, тіпті телефон қуаттағыш та ұрланған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 300 мың теңгеге жуық.
Келесі күні таңертең тоналған көліктерді байқаған ТЖО жұмысшылары бірден полицияға жүгінді. Жайт ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі (Үй-жайға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Іздестіру барысында жедел уәкілдер ЖБО камераларының көмегімен ұрланған заттарды екі ер азамат өз автокөлігінде алып кеткенін анықтады. Көлік құралының қозғалыс бағдарын қарап, полицейлер олардың мекенжайы мен ұрланған заттарды жасырған жерін де тапты. Күдіктілер ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді.
Қазіргі уақытта іс айыптау актісімен сотқа жолданған.