Шымкентте жалған төлқұжатпен іздеуде жүрген адам ұсталды
Шымкентте жалған төлқұжатпен іздеуде жүрген адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің жедел қызметкерлеріне еліміздің аумағында жасырынған көрші елдің азаматы туралы ақпарат келіп түсті. Ол өз елінде аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген.
Деректерді тексеру барысында іздеуде жүрген қылмыскер Шымкент қаласында ұсталды.
Оның Қазақстан аумағына заңсыз кіргені анықталды.
Одан Орталық Азия елдерінің бірінің жалған құжаты тәркіленді. Бұл құжат бойынша ер адам шекарадан әрі өтіп, Түркияда жасырынбақ болған.
Қазіргі уақытта ұсталған адам қамауға алынды. Белгіленген тәртіппен оны экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.