Шымкентте жолда артқы жүріспен келе жатқан «Toyota Land Cruiser» иесі ұсталды
Әлеуметтік желілерде жолда артқы жүріспен келе жатқан «Toyota Land Cruiser» және әуеге оқ атқан азаматтар түсірілген бейнежазба таралған болатын, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған бейнематериал бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен тексеру басталды. Тексеру барысында 2021 жылғы 6 наурызда жол жүру ережелерін бұзған «Toyota Land Cruiser» маркалы автокөліктің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабының 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы) және 595-бабының 2-бөлігі (Мұндай маневрлер жасауға тыйым салынған жерлерде артқа жүру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Бейнежазбадағы барлық азаматтар анықталуда.
Сондай-ақ, ауаға белгісіз қарудан атқандардың барлығының жеке басы анықталды. Зардап шеккендер жоқ.
Факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тексеру аяқталғаннан кейін әрбір азаматтың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Шымкент қаласының Полиция департаменті қала тұрғындарынан құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда Полиция департаментінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларына бейне (фото)-жазба жіберуді сұрайды. Тиісінше, біз құқық бұзушылық фактілеріне қатысты шаралар қабылдайтын боламыз.
Жол қозғалысының барлық қатысушыларын қырағылық танытуға, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамыз.