Шымкентте жыл басынан бері рецептісіз дәрі берудің 4 жайты анықталды
Шымкентте жыл басынан құрамында психотропты заттары бар дәрі-дәрмектерді
рецептісіз берудің төрт дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2022 жылдың төрт айында Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы дәріханаларда құрамында психотропты заттары бар, күшті әсер ететін заттардың қатарына жататын дәрі-дәрмектерді дәрігерлердің рецептінсіз берудің төрт дерегін анықтады.
Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау мақсатында құзырлығы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаментіне жолданып, кінәлілер жауапкершілікке тартылды.
Атап өту қажет, өткен жылы Шымкенттік полицейлер осыған ұқсас 11 құқық бұзушылықты анықтап, шара қолданған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дәрі-дәрмектерді рецептісіз босату үшін жауапкершілік ӘҚБтК-нің 426-бабында (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) қарастырылған. Осы баптың 1-бөлігіндегі құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппұл жазасы көзделсе, 2-бөлігіндегі құқық бұзушылықты жасағаны, яғни бір жыл ішінде қайталанып жасалған әрекет үшін фармацевтикалық қызметке арнайы лицензияның мерзімін алты айға тоқтату көзделген.