Шымкенттік полицей «Абай өлеңдерін оқу» эстафетасын жалғастырды
Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданының Полиция басқармасы анықтау бөлімінің анықтаушысы Абай өлеңін жатқа оқып, жыр оқу эстафетасын үлкен құрметпен қабыл алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Дара тұлғаның мерейтойы тек республика көлемінде емес халықаралық деңгейде де атап өтілуде. Бұл Абай шығармаларының тек өз ұлты үшін емес шетелдіктер үшін де құны жоғары екенін айғақтайды. Оның адами құндылықтарды насихаттаған шығармалары әлемдік мәдениеттің бөлігі деп бағаланады. Ұлы дала философы және ағартушысы атанған Абай Құнанбайұлының өмірден өткеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның шығармалары әлем әдебиеттеріне аударылып келеді. Мәселен, биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушы шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Абай мұрасын ұлықтау мұнан әрмен де өз жалғасын табары сөзсіз.
Бүгінгі жас толқын өмірлік ұстанымына бағыт-бағдарды Абай туындыларынан тауып, жырын рухани азық етуде. Мәселен, Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданының Полиция басқармасы анықтау бөлімінің анықтаушысы Сәкен Шалқаров «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін жатқа оқып, жыр оқу эстафетасын үлкен құрметпен қабыл алды. Жас тәртіп сақшысы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың шығармалары өмірлік көзқарас пен адамгершілік болмыс қалыптастыруда кез-келген азаматтың темірқазығына айналуы тиіс деген пікірде.