СҚО-да ішкі істер органдарына қызметке кандидаттарды қабылдау жүргізілуде
Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдарына қызметке кандидаттарды қабылдау жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде полиция қызметі көшелерде патрульдеу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Құқық қорғау органдарының қызметінде жедел жұмыс, қылмыстарды тергеу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, көші-қон бақылауы, кәмелетке толмағандармен жұмыс және басқа да маңызды бағыттар бар. Дегенмен негізгі міндет өзгеріссіз қалады: халық пен мемлекет мүддесіне қызмет ету, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту.
Полиция қызметінде заманауи технологияларға да ерекше мән берілуде. Бүгінде полиция бөлімшелерінде бейнебақылау жүйелері, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін зияткерлік жүйелер, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тану кешендері, "Кибер-шериф" мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендері, ұшқышсыз ұшу аппараттары және деректерді өңдеудің цифрлық жүйелері қолданылады.
Сонымен қатар бейнеағындарды талдауға және жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиялары да қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жүйесінде көшеде тікелей қызмет атқаратын мамандармен қатар, техникалық, талдау және цифрлық дағдылары бар білікті кадрларға да сұраныс жоғары.
Полиция қызметкерлеріне тұрақты ақшалай қамтылым, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы, медициналық және санаторийлік-курорттық қамтамасыз ету, тиісті санаттағы қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Сонымен қатар кәсіби даярлықтан өтуге, біліктілікті арттыруға және қызметтік тұрғыда өсуге мүмкіндік беріледі. Қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне бірқатар әлеуметтік кепілдіктер ұсынылады.
Бос жұмыс орындарымен танысып, өтінішті qyzmet-police.kz интернет-платформасы арқылы беруге болады. Тіркелгеннен кейін жүйе кандидаттың білімі мен біліктілігіне сәйкес бос лауазымдарды автоматты түрде ұсынады.
Қызметке орналасу мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне немесе Петропавл қаласындағы СҚО ПД кадр қызметіне, Алматинская көшесі, 55 мекенжайы бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ 8 (7152) 612-612 және 61-26-57 телефондары арқылы қажетті ақпаратты алуға болады.
