Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстікқазақстандық учаскелік полиция инспекторлары үйлер мен пәтерлерді аралайды

Желтоқсанның 1-не дейін солтүстікқазақстандық учаскелік полиция инспекторлары үйлер мен пәтерлерді аралайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Әр солтүстікқазақстандықтың өз учаскелік полиция инспекторын жеке білуі үшін әр үйге, әр пәтерге барып, байланыс нөмірлері көрсетілген визиткалар тарату”.

Еліміз бойынша 7 қырүйектен бастау алған “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты осы.

Солтүстік Қазақстан облысында 289 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Олар күн сайын әкімшілік учаскелерінде орналасқан 202 учаскелік полиция пункттерінде азаматтарды қабылдайды. Халықтың көп шоғырлануына байланысты облыс орталығы – Петропавл қаласына қызмет көрсететін полицейлердің жүктемесі ауыр. 97 учаскелік полиция инспекторы 13 “тірек” пункттерінде қызмет көрсетеді. Биылғы жылғы сегіз айдың ішінде қалалық учаскелік полиция инспекторларымен 1810 қылмыстың беті ашылып, 16 мыңнан астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.

– “Учаске” операциясының мақсаты – облыстың әрбір тұрғынына, ауылдықтарға, қалалықтарға өздерінің учаскелік инспекторымен әңгімелесуге, танысуға, телефон нөмірлерін алуларына жағдай жасау, – деп атап өтті СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Облыста 289 әкімшілік учаске бар. 7 қыркүйектен бастап, облыс бойынша 5633 жер үй мен 2877 пәтер, оның ішінде 205 жалдамалы пәтер араланды. Сондай-ақ, саяжайлар бақылауда, бес мыңнан астам саяжай үйлері тексерілді.

Бұрын сотталған адамдарды, проблемалы отбасыларды, сондай-ақ қару иелерін тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Басты міндет – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және уақтылы анықтау. “Учаске” операциясының басында ішкі істер органдарында есепте тұрған 844 адам тұрғылықты жері бойынша, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 120 адам тексерілді.

Облыста 7353 азаматтық қару иесі ІІО есебінде тұр. Қыркүйек айының басында тұрғылықты жері бойынша оның 669-ы тексеріліп, 12 бұзушылық анықталды. Бес бірлік атыс қаруы алынды, олардың барлығы тегіс ұңғылы қару болып табылады.

“Учаске” операциясы шеңберінде жүйелі профилактикалық жұмыс қыстың алғашқы күніне дейін жалғасып, іс-шара 1 желтоқсанда аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру