Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сот талаптарын орындамаған азамат сотталды

Ақтөбеде сот талаптарын орындамаған сотталғанның бас бостандығынан шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №2 пробация қызметі есебінде тұрған сотталған А.-ның «cот жүктеген міндеттерді орындамағаны үшін» бас бостандығынан шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Есепте тұрған сотталған азаматқа 2019 жылы «бөтеннің мүлкін жасырын ұрлап жымқырғаны үшін» сот үкімімен екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тағайындалған болатын.

Мұғалжар аудандық №2 пробация қызметкерлері есепке алынған күннен бастап, сотталған азаматқа бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттары және оны біле тұра бұзу- бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылатыны жөнінде ескертіп, жазбаша қолхаттар мен түсініктемелер алады.

Алайда, аталған сотталған А. жаза өтеу барысында бірнеше рет сот жүктеген міндеттерін орындаудан бас тартады. Онымен қоса, әкімшілік-құқық бұзушылыққа жол береді. Мұғалжар аудандық №2 пробация қызметі тарапынан өзіне берілген жазбаша ескертулерге құлақ аспай, пробация қызметкерлерінің өзімен өткізген тәрбиелік іс-шаралардан еш нәтиже шығармай қояды. Тіпті, «тәртібіне ден қояр» деп, екінші қайтара мүмкіндік сыйлап, рақымшылық танытқан сот үмітін де ақтамай қояды.

Мұғалжар аудандық № 2 пробация қызметі сотталған А.-ның жоғарыда келтірілгендей сот талабын орындамауына байланысты деректерді басшылыққа ала отырып, аудандық сотқа оның бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы тиісті ұсыныс жолдайды.

– Пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырған сот, сотталған А.-ның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі, яғни 11 ай 10 күн мерзімді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ, – дейді Мұғалжар аудандық № 2 пробация қызметінің инспекторы Нұрқанат Молдағазиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру