Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталған ер адамның балаларына ШҚО мекеме қызметкерлері тәттілер жеткізді

ШҚО-да қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанның Балалар үйінде тұратын ұл-қызына арнап мекеме қызметкерлері тәттілер мен бетперделер жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 – маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ШҚО ҚАЖД ОВ 156/6 мекемесінің қызметкерлері Новая Шульба кентінде орналасқан «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына« барып, бүлдіршіндерді келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Балалар үйінде орналасқан балаларға арнайы тәттілер мен сотталғандардың қолдарымен тігілген бетперделерді жеткізіп берді.

Адам өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған сотталған Максим Нагорновтың (аты жөні өзгертілген) қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде отырғанына біраз жыл болды.
Қазіргі уақытта Максимның армандарының бірі – Балалар үйінде орналасқан екі бүлдіршінімен кездесу. Себебі Максим темір тордың ар жағына түскелі жұбайы белгісіз жағдайлармен балаларын тастап хабарсыз кетіп, екі баласы осы балалар үйіне тапсырылған болатын.

– Мен оларды қатты сағындым, олар мені күтіп жүр, мен де олармен кездесуді тағатсыздана күтіп жүрмін. Жүрегім сезеді, осы темір тордан босап шықсам, балаларымды жаныма аламын, – дейді сотталған.

Максим түзеу мекемесінде қазіргі уақытта тігін цехында жұмыс істеп жүр. Ол Балалар үйіндегі екі баласына және де өзге балаларға арнап айлығынан тәттілер алып, мекеме қызметкерлеріне жеткізіп беруін өтінген болатын.

Мекеме әкімшілігі сотталғанның өтінішін қарастырып, «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына« барып, сотталғанның қолымен тігілген бетперделерді, тәттілерін жеткізіп берді.

Еске сала кетсек, ШҚО Білім басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» 2005 жылы құрылып, ШҚО Бородулиха ауданында Новая Шульба кентінде ашылды.

– Қазіргі таңда балалар үйінде 57 тәрбиеленуші бар, оның ішінде 15-і – жетім балалар мен қалған 42 баланың туысқандарының жағдайы жоқтығынан осында орналастырылған. Кейбір бүлдіршіндердің әке-шешелері алкогольдік ішімдік зардабынан және түрлі өмірлік қиын жағдайдан балаларына қамқор бола алмайды, кей балалардың ата-аналары темір тордың ар жағында отыр, сондықтан бұл балалардың арманы – өз үйім болса екен, ата-анам тезірек алып кетсе екен деген, – дейді орталық басшысының орынбасары Р.Гадизаде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру