Спортты серік еткен сақшылар
“Шынықсаң шымыр боласың” демекші, елімізде спортқа қызығушылар мен кәсіби түрде айналысатын азаматтардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Солардың ішінде спортта ел намысын қорғап жүрген ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де жетерлік әрі олар үшін әрдайым бабында болу маңызды. Олай болса, Polisia.kz редакциясы оқырман назарына погон таққан спортшылар жайлы ақпарат ұсынады.
Спорт дегенде әлі күнге дейін ел аузынан түспей жүрген XXXIII жазғы Олимпиада ойындары туралы айтпай кету мүмкін емес. Парижде Жақсылық Үшкемпіров атамыздың ұзақ күткен арманы орындалды. Өзі көрмей кетсе де, бүкіл қазақстандық сол арманның орындалғанына куә болды. 44 жылдан кейін татамиде Қазақстанға тең келер қарсылас жоқ екенін дәлелдеп, елге алтын сыйлаған ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Елдос Сметов жастарға рух сыйлады. Бұл айқын жеңістің ар жағында спорттағы бұзылмас режим тұр. Елдостың бұл жеңісінен кейін замандастары да, кейінгі буын да мәңгілік шабыт алғаны, кеудеде мақтаныш оты лаулағаны сөзсіз!
Жарыстарда жеңісті қолдан бермей жүрген бұрымды тәртіп сақшылары туралы таңды таңға жалғап жазуға болады. Оған дәлел – Түркістан облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Айнұр Ақжігітова. 12 жылдан бері спортпен үздіксіз айналысып жүрген погон таққан ару жарыстардан туған жеріне жүлдесіз қайтпаған. Оның жеңіске деген жігеріне ел сүйсінеді.
Батырлығы мен батылдығы бір бойынан табылатын Айнұр 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Қызмет пен спортты ұштастыра алған погонды ару самбодан, жауынгерлік самбодан, белбеу күресінен және қазақ күресінен спорт шебері атанған.
Айнұр осы жылы да жеңісті ешкімге бермеді. 26 маусым мен 2 шілде аралығында Макао қаласында ересектер арасында өткен Азия чемпионатында жауынгерлік самбодан 65 келі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп, аспан асты елінде көк Туымызды көкте желбіретті.
Көптеген чемпионатта жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрген арулардың бірі Шымкент қалалық полиция департаментінде қызмет етеді. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгері Айжан Ғанимұратқызы өмірінің 15 жылын каратэ, джиу-джитсуға арнаған.
Жақында ғана ҚР ІІМ Ұлттық ұланның тағы бір әскери қызметшісі жауынгерлік самбодан әлем кубогында чемпион атанды. Қатардағы жауынгер Арман Тұрымбетов татамиде тартысты өнер көрсетті.
Қызметте де, спортта да көш басында жүрген полицейлерге қарап, бой түзеп келе жатқан болашақ офицерлер бар. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанттары аға буынның жеңісті жолын жалғап келеді.
Әлішер Рақымбаев – Ақмола облысы Көкшетау қаласында туып, өскен. Бүгінде Алматы академиясының бірінші курсын тәмамдады. Саналы түрде 13 жасынан бастап спортпен шұғылданған. Әлішердің қоян-қолтық ұрыстан жеткен жетістіктері көз қуантады. Ол Ақмола облысының он дүркін чемпионы атанған. Қазақстанда өз салмағында басқа спортшылардан басымырақ екенін үш рет дәлелдеген. Азия чемпионы атанған. Әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар ол халықаралық чемпионаттарда бірнеше дүркін чемпион болды.
Академияның келесі мақтанышы – Екатерина Цай. Алматы облысы Қарабұлақ ауылының тумасы жеті жасынан бері спорттың ерекше түрі – биатлонмен айналысады. Осы спорт түрінен Қазақстан және Азия чемпионаттарына қатысқан. Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Сондай-ақ Талғар ауданы мен Алматы қаласының абсолютті чемпионы. Шаңғыдан спорт шеберіне үміткер. Бүгінде Алматы академиясының екінші курсына өтті.
– Жалпы, биатлон жарысы кезінде спортшылар белгілі бір қашықтық сайын шаңғы үстінде мылтықпен нысанаға оқ атады. Спорттың қиын да қызық түрі десем де болады. Сүйікті спорт түрімен үздіксіз айналысып, талай жеңістерге жетемін, – дейді болашақ офицер.
Алматы академиясында сайдың тасындай іріктеліп алынған жалындаған жастар білім алады. Әсем Талапқызы да осы қатарда. Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында туып-өскен ару еліме еңбегім сіңсе дейді. Осы академияда оқи жүріп, спорттан алыстамады.
Әсем 14 жасынан бастап спортпен шұғылданады. Бұл салаға алғаш ден қойғанында дзюдоны таңдаған екен. 2022 жылдан бастап самбо күресіне ауысқан. Әсем самбо күресінен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері және 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионатының жеңімпазы. Самбодан ҚР кубогының қола жүлдегері атанса, командалық сайыста ІІ орынға табан тіреген. Сонымен қатар ол жауынгерлік самбодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының және Азия чемпионатының жеңімпазы. Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Спорт – ұлт саулығының кепілі. Дені сау ұрпақ – мемлекеттің қымбат байлығы. Жоғарыда айтқанымыздай, полицияда спортты жанына серік еткен тәртіп сақшылары да, курсанттар да көп. Кәсібилік пен шеберлікті ұштастыра алған бұл жандар әлі талай тақырыпқа арқау болатыны айдан анық.