СҚО-да 26 жастағы полицей үздік тергеуші атанды
СҚО-да 26 жастағы полиция аға лейтенанты үздік тергеуші атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция аға лейтенанты Берік Ілиясов қаскөйлердің қылмыстық жоспарларына қарсы тұрып, шым-шытырық қылмыстарды ашуда. Өткен жылы Петропавл қаласы Полиция басқармасының аға тергеушісі 100-ге жуық істі тергеген. Жоғары кәсібилігі, адал еңбегі үшін жас тергеуші Солтүстік Қазақстан облысының үздік тергеушісі атанды.
Берік Ілиясов мамандығының қыр-сырын ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында меңгерген. Еңбек жолын 2015 жылы Аққайың ауданы полиция бөлімінде тергеушінің көмекшісі лауазымынан бастаған. Аудандық полиция бөлімінде қызмет еткен жылдарын есіне алған Берік:
– Жоғары заң білімінен бөлек, бұл жұмысқа асқан жауапкершілік, төзімділік, сабырлылық және қылмыстық процесске қатысушылардың түсініктемелерінен шығатын сұрақтар мен тұжырымдарды сауатты, нақты жасай білу қажет, – деп ойымен бөлісті.
Қылмыстық істерді ары қарай сот органдарына жіберумен тергеу – тергеушінің басты міндеті.
Оқиға орнына шығу, материалдарды зерделеу, қылмыстық істі сотқа жіберу – тергеу бөліністері қызметкерлерінің алдындағы негізгі міндеттер болып табылады. Қазіргі уақытта қалалық тергеу бөлімінде жиі тергелетін істердің бірі – интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстық істер. Бұл жұмыс желісі бойынша жұмысқа полиция аға лейтенанты үш жыл бұрын кіріскен, дәл сол кезде алаяқтардың әрекеті жиілей бастаған еді.
– Адамдардың көбі алаяқтардың құрығына түсіп жатады. Солтүстікқазақстандықтарды осындай қылмыскерлердің әрекеті туралы хабардар ету – барлық полиция қызметкерлерінің ортақ міндеті, – дейді офицер.
Әр фактінің мән-жайын зерделей келе, полицей титтей болсын қателікке бой алдырмауға тырысады, себебі бұл қаскөйдің пайдасына айналуы мүмкін. Жарты жылдың ішінде ол интернет-алаяқтық фактісі бойынша 67 істі сотқа жіберді. Бір жағдайда істі тергегенде, әлеуметтік желі арқылы тауар несиелерін ресімдеген алаяқтықты анықтаған. Ол екі айдың ішінде 15 адамның атына смартфондар мен басқа да аксессуарларды ресімдеп сатып алған. Күдікті 20 жастағы петропавлдық болып шықты. Қылмыскер ұсталып, қылмыстық әрекеттері тоқтатылды.
Ілиясовтың тәлімгері – Петропавл қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров. Оның басшылығымен полиция қызметкерлері практикалық дағдыларға үйренеді. Сондай-ақ барлық кәсіби қабілеттермен қатар, шыныққан да болу қажет.
Бұл мәселеде Берік Ілиясов алдыңғы қатарда. Ол қоян-қолтық ұрыс пен бокстан спорт шеберіне үміткер. 10 жастан бастап осы спорт түрлері болашақтағы мақсаттарына жетуіне ынталандырды.
Жақындарының қолдауы кез-келген қиын сәтте қажет. Жұбайы Әйгерім әрдайым қасынан табылады. Жас отбасы күнделікті қызу жұмыс күндеріндегі басты мақсат – адамдардың әділдікке сенімін арттыру деп біледі.