Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да ПД басшылығы ІІО ардагерінің үйіне барып қайтты

9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова мен ведомствоның Ардагерлер кеңесінің төрағасы тыл еңбеккері, ішкі істер органдарының ардагері Владимир Ипполитовқа барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Владимир Ипполитов Түмен облысында дүниеге келген. 1942 жылы оның әкесі майдан даласындағы ұрыстарда із-түссіз жоғалып кеткен. Бала күнінде, соғыстан кейін жастық шағында ересек өмірдің түрлі ауыртпалығын көріп, шыныға түсті. Жұмыстан қолы босаған уақытта көп оқып, шығармашылықпен, спортпен айналысқан. 1962 жылы погон тағып, Қазақ КСР ІІМ ішкі және айдауылдау күзетінің 247 жеке дивизионының 3-ші командасының құрамында топ командирі болып қызметін бастаған. Ішкі істер органдарынан зейнетке 1985 жылғы 5 маусымда милиция майоры шенінде, облыстық ішкі істер басқармасының кезекші бөлімі бастығының орынбасары лауазымымен шыққан. Зейнеттегі ардагер ұстаз, жұбайы Раиса Алексеевнамен бірге екі қызды өсіріп жеткізген.

Айдын Қабдұлдинов зейнеткерлерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, қызмет атқарған жылдары мен жас буынға беріп жатқан тәрбиесі үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ Жеңіс күні қарсаңында полиция қызметкерлері облыстық ведомствоның бастығы Айдын Қабдұлдиновпен бірге Қызылжар ауданындағы Березовка ауылында орнатылған Кеңес Одағының Батыры, милиция подполковнигі Филипп Чижиковтың обелискісіне гүл шоқтарын қойды. Филипп Чижиков осы ауылда өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басында дүниеге келіпті. Ұлы Отан соғысындағы ұрыстарда болып, кейін оралған соң соғыстан кейінгі жылдары милиция қатарында қызмет атқарған. Кеңес Одағының Батыры, Ленин орденінің кавалері, “Алтын жұлдыз” медалінің иегері Филипп Чижиков бейбіт уақытта милиция подполковнигі шеніне дейін жеткен. Зейнетке шығар алдында Воронеж облысының ішкі істер басқармасында басшылық қызметтерде еңбек еткен. Березовка ауылының тұрғындары, оқушылар мен полицейлер солтүстікқазақстандықты бір минут үнсіздікпен еске алып, обелискіге гүл шоқтарын қойды.

Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысынан оралып, соғыстан кейінгі уақытта милицияда 770-тен астам майдангер жұмыс істеген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру