Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер бір тәулікте 9 мас жүргізушіні ұстады

СҚО-да полицейлер бір тәулікте 9 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сағат 04:50 шамасында Петропавл полицейлері Шухов пен Н.Назарбаев көшелерінің қиылысында 35 жастағы қала тұрғыны жүргізіп келе жатқан Mercedes автокөлігін тоқтатты. Іс-қимылы көзге ерекше көрінгендіктен полицейлер ер адамды медициналық тексеруден өтуге шақырды. Ол каннабиноидтарды қолданғаннан кейін көлік тізгіндеуге отырғаны белгілі болды. Енді ол әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады. Бір тәулік ішінде облыс жолдарында мас күйінде 9 жүргізуші анықталды. Олардың әрқайсысы жол-көлік оқиғасын жасауда кінәлі болуы мүмкін еді.

Мұндай фактілерді анықтау – 17 қазанда басталған “Мас жүргізуші” облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты. Полицейлер жолдардағы жасақтардың санын арттырып, түндегі патрульдеуді күшейтті.

– Бір тәулікте Жол жүрісі қағидаларының барлығы 356 бұзушылығы анықталды. Жиі кездесетіндері – қауіпсіздік белдігін тақпау және рөлде отырып телефонмен сөйлесу фактілері. Осы ереже бұзушылықтар үшін сәйкесінше 36 және 25 жүргізуші ұсталды. Бұның жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтары қатарына жататынын және жіберілген қателік жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қиюы мүмкін екен естен шығармаған жөн, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Сондай-ақ маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 15 жүргізуші жауапқа тартылды. Полицейлер еске салады: 9 айда осындай бұзушылықтардың салдарынан 26 жол-көлік оқиғасы болып, 8 адам қаза тауып, 47 адам жарақат алды. Жылдамдықты асырғаны үшін 33 автокөлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Бұл – жыл басынан бері болған 14 жол-көлік оқиғасына себеп болды (онда 1 адам қаза тауып, 21 адам жараланды). 7 жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзды. Бұл биылғы жылы 13 жол-көлік оқиғасына алып келді (1 адам қаза тапты, 13 адам жараланды).

Тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жолдарда мұқият болуды және заң талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру