СҚО-да полицейлер мен ұстаздар студенттік жатақханалар мен жастар жиналатын орындарды тексеруді күшейтпек
СҚО-да полицейлер мен ұстаздар студенттік жатақханалар мен жастар жиналатын орындарды тексеруді күшейтпек, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да полиция қызметкерлері мектептер мен колледждердің директорларымен кездесті. Ұстаздардың, білім басқармасы мен жергілікті полиция қызметі өкілдерінің, қалалық және облыстық ювеналдық полицияның жеке құрамының, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерінің қатысуымен Петропавл қаласындағы №6 орта мектеп ғимаратында жұмыс кеңесі өткізілді.
Кездесуге қатысушылар жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және олардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты сұрақтарды пысықтады.
Ұсақ бұзақылық, буллинг, заңды өкілдердің еріп жүруінсіз түнгі уақытта серуендеу – бұл жасөспірімдер арасында кең таралған құқық бұзушылықтар. Тәртіп сақшылары ұстаздар қауымына нашақорлықтың алдын алу жұмысы, жәбірленушілердің шоттарынан ақшалай қаражаттарды заңсыз жолмен алуды іске асыратын интернет-алаяқтардың әккі әрекеттеріне жастардың қатысуын болдырмау туралы еске салды. Кездесуге қатысушылар тек мұғалімдер мен полицейлердің бірігіп күш салуы жеткіліксіз деген пікірге келді. Бұл ретте ата-аналар да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша үлесін қосуы қажет.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Биылғы жылдың наурыз және маусым айларында облыста “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, оның шеңберінде ювеналдық полицейлер жасөспірімдер ортасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізді.
Жыл басынан 445 рейд және жастар жиналатын орындарда 20-дан астам ірілі-ұсақты іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде балалардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында болғаны үшін 2082 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 614 ата-анаға балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін материалдар жиналды. Жалпы СҚО полициясында кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін атқармайтын 158 ата-ана есепте тұр.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына байланысты қаладағы ғана емес, облыс аумағындағы студенттер жатақханаларында, жастар мен жасөспірімдер жиналатын орындарда тексеру жұмыстары мен рейдтік іс-шаралар жүргізу күшейтілмек.