СҚО-да полицейлер жас велосипедшілерге жолдағы жасырын қауіптер туралы ескертті
СҚО-да полицейлер жас велосипедшілерге жолдағы жасырын қауіптер туралы ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 40 жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 кәмелетке толмаған бала көз жұмып, 45 жасөспірім түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендердің арасында велосипед пен мопед жүргізген балалар да бар.
Жазғы демалыс кезеңінің басталуына орай Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Велоспорттан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп, Петропавл қаласында велошеру ұйымдастырды. Іс-шараға елуге жуық жас спортшы қатысып, "Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар — бұл сіздердің өмірлеріңізді сақтайды!" ұранымен Қазақстан Конституциясы көшесі бойымен жүріп өтті. Осылайша олар тұрғындардың назарын жол қауіпсіздігі мәселесіне аударды.

Велошеру барысында қатысушылар жаяу жүргіншілер өткелдерінен өткен кезде велосипедтен түсіп, көліктерін жетектеп өтті. Полицейлер бұл талаптың маңызын іс-шара соңында түсіндіріп, велосипедшінің жолдың жүру бөлігінде кенеттен пайда болуы жүргізушілердің уақытылы әрекет етуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

Сондай-ақ велосипед, скутер және электрсамокат пайдаланушыларға жүк көліктерінің "көрінбейтін аймақтары" туралы ескертілді. Патрульдік полиция қызметкері балаларға "КамАЗ" жүк көлігінің мысалында жүргізушінің қай тұстарда велосипедшіні байқамай қалуы мүмкін екенін көрсетті. Мамандардың айтуынша, есте сақтайтын басты қағида қарапайым: егер сіз жүргізушіні артқы көрініс айнасынан көрмесеңіз, онда жүргізуші де сізді көрмейді.

Аталған велошеру "Жолдағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілді. Полицейлер жас қатысушылар бұл кездесуден алған әсерлерімен ғана емес, жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы маңызды білімдерімен де құрдастарымен бөліседі деп сенеді.
