Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еліміздегі ҚАЖ мекемелерінде 80-нен астам бейнетаксофон іске қосылды

Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 80-нен астам бейнетаксофон іске қосылды. Жаңа цифрлық шешім сотталғандарға жақындарымен бейнебайланыс арқылы тілдесуге мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтік байланыстарын сақтауға және қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелер қызметінің тиімділігін арттыруға және сотталғандардың қоғамға табысты бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырып келеді.

Солардың бірі – бейнетаксофон жүйесі. Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 80-нен астам бейнетаксофон жұмыс істейді. Бұл құрылғылар сотталғандарға жақындарымен тек дауыс арқылы ғана емес, бейнебайланыс арқылы да тілдесуге мүмкіндік береді.

Отбасы мүшелерін, ата-анасын, жұбайын және балаларын көру мүмкіндігі әлеуметтік байланыстарды сақтауға ықпал етеді. Мұндай қарым-қатынас адамның түзелу үдерісінде де, бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге бейімделуінде де маңызды рөл атқарады.

Психолог мамандардың айтуынша, жақындарымен тұрақты байланыс орнату сотталғандардың эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, әлеуметтік оқшаулану сезімін азайтады әрі заңға бағынатын өмір салтын ұстануға деген ынтасын нығайтады. Отбасының қолдауы – табысты қайта әлеуметтенудің негізгі тетіктерінің бірі.

Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Бейнетаксофондардың жұмысы деректерді қорғау талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылған. Жүйеде қорғалған байланыс арналары, заманауи шифрлау технологиялары және қолжетімділікті бақылау тетіктері қолданылады. Бұл сөйлесулердің құпиялылығын қамтамасыз етіп, рұқсатсыз араласу әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бейнетаксофондарды енгізу – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Аталған жоба отбасылық байланыстарды нығайтуға, сотталғандар мен олардың жақындары арасындағы қарым-қатынасты сақтауға және өзара байланысты жоғары деңгейдегі ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру