Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер жол жиегіне шығып кеткен жүк көлігіне көмек көрсетті

Жол жиегіне шығып кеткен жүк көлігін алып шығу үшін полицейлерге үш ауыр техниканы көмекке шақыруға тура келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері қолайсыз ауа райы кезінде жолда аса сақ болуға шақырады. Жуырда жауған жауын-шашынның кесірінен Шал ақын ауданы Сергеевка қ. дүкендеріне азық-түлік апара жатқан жүк көлігі қиын жағдайға тап болды. “Foton” жүк көлігін басқарған жүргізуші жауған қардан жолды байқай алмай, жиекке шығып кеткен. Жүк көлігі бір жағына аударылды. Көлікте экспедитор және сауда өкілі болған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Жүк көлігін патрульдік полиция экипажы анықтады. Тәртіп сақшылары жергілікті “Стимул” ЖШС көмекке жүгінген. Бұл кәсіпорынның техникасы жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетіп келеді. ЖШС басшысы Владимир Пафов қар тазалайтын техниканы, жүк тиегішті және тартқышты жіберген.

Осыншама техника бөлінгенімен, көмек көрсету оңайға соқпады. “Foton”-ды жүктен босатуға тура келді, тек осыдан кейін көлікті жолға шығару мүмкін болды. Полицейлер бұл кезде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

– Көмектің жылдам көрсетілуін қамтамасыз еткендеріңізге алғысым шексіз, – деп ризашылығын білдірді полицейлерге көлік жүргізушісі. 


Ал Тайынша ауданында полицейлер жол жиегіне шығып кеткен, Көкшетаудан Түменге бет алған “DAF” ауыр жүк көлігін жолға шығару үшін “Қазавтожол” ЖШС жүгінді.

– Патрульдік полицияның жұмыс күндері осындай, – деді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирі Ерлан Мәдиев. – Құбылмалы ауа райы жүргізушілерге қиындық жасайды. Жолда аса сақ болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдардың жабылғаны және ауа райының қолайсыздығы туралы ескертетін ТЖ қызметінің және полицияның хабарламаларын назардан тыс қалдырмаңыздар.


Айта кететіні, жүргізушілердің басым бөлігі алыс жолға шықпай, қолайсыз ауа райын ескеруде. 10 наурыз күні “Челәбі-Новосібір” жолында айтарлықтай көлік болған жоқ: бұл кезде күн суытып, көк тайғақ болатын.

Осындай қиын жағдайда жолдың 601 км жедел жәрдем көлігі тоқтап қалған екен. М. Жұмабаев ауданы Писаревский ауылдық округінің фельдшері мен көлік жүргізушісі науқасты Петропавл қ. жеткізіп, кейін қайтып бара жатқан кезде көлік баллонында газ таусылады. Бензинді қосу әрекеті жүзеге аспайды, отын құрылғысы істен шыққан екен.

Жолдарда қызмет көрсететін полицейлер көмекке келеді. Олар жедел жәрдемді тіркеп алып, 18 км жерде орналасқан, ең жақын деген газ құятын бекетке сүйреп апарады.

Дәрігерлер полицейлерге алғыстарын жаудырды. Патрульдік полиция батальоны экипажының құрамындағы Сергей Михайленко олар тек өз міндетін атқарғанымен, алғыс сөздері көңілге жылулық сыйлатынын атап өтті:

– Біз ауа райына қарамастан, жолда жүреміз, себебі адамдардың қауіпсіздігі мен саулығы – біздің жұмысымыз, – дейді тәртіп сақшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру