Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полиция қызметкерлері жоғалған 6 жасар қызды іздеп тапты

СҚО-да полиция қызметкерлері жоғалған 6 жасар қызды іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бірер күн бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының тұрғындары 6 жасар қызына туыстарының үйіне түнеп келуге рұқсат берген. Келесі күні оның үйге қай уақытта қайтуға дайындалатынын телефон арқылы сұрап білмек болған жақындары бүлдіршіннің екі сағат бұрын кетіп қалғанын естіген. Өздері іздегенмен еш нәтиже болмаған.

Абыржыған ата-аналары учаскелік полиция инспекторы Руслан Қоянбаевқа жүгінген. Сағат 16:50-де учаскелік инспектордың хабарламасы аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Бөлімнің жеке құрамы тез арада дабыл бойынша көтерілді. Дереу құрылған 8 мобильдік топ аудан орталығын және баланың болуы мүмкін мекенжайларын тексеруге кірісті.

Туыстары мен көршілері, ауылдық мектептің мұғалімдері де қалыс қалмады. Қуанышқа орай, бір жарым сағат бойы жүргізілген іздеу жұмыстары жақсы аяқталды. Жоғалған қызды кезекшінің көмекшісі Бекасыл Ермахан тауып алды. Анықталғандай, 6 жасар қыз үйіне келе жатқанда құрбысының үйіне кіріп, ойынның қызығына беріліп кеткен. Табылған қыздың ата-анасы полицейлер мен ауыл тұрғындарына алғыстарын жаудырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру