Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полиция түнгі ойын-сауық орындарын бақылауды күшейтті

Петропавл қаласында полиция қызметкерлері түнгі рейд барысында ойын-сауық орындарының бірінен ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта жүрген 17 жастағы жасөспірімді анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған дерек бойынша кәмелетке толмағанның заңды өкілдері мен ойын-сауық мекемесінің әкімшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері Петропавлда кәмелетке толмағандардың түнгі ойын-сауық орындарында заң талаптарын бұза отырып жүруінің 16 фактісі тіркелген. Олардың басым бөлігін 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Полиция мұндай жағдайлардың жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруына немесе қылмыстың құрбанына айналуына қауіп төндіретінін ескертеді.

Жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде түнгі рейдтік іс-шаралар өткізуде. Сонымен қатар еңбек инспекциясының мамандарымен бірлесіп, ойын-сауық орындарының иелері мен әкімшілігіне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – ойын-сауық мекемелерінің әкімшілігіне кәмелетке толмағандардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта болуына жол бергені үшін заңмен белгіленген жауапкершілікті еске салу. Сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда кәмелетке толмағандар күніне төрт сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс және оларды түнгі уақытта жұмысқа тартуға заң бойынша тыйым салынады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру