Атырауда туристік полиция шетелдік азаматқа көмек көрсетті
Атырау қаласында туристік полиция қызметкерлері шетелдік қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
22 маусым күні кезекті патрульдеу барысында туристік полиция қызметкерлері жолынан жаңылып, қайда барарын білмей тұрған шетелдік азаматты байқады. Құжаттарын тексеру кезінде оның Ұлыбритания азаматы екені анықталды. Белгілі болғандай, турист қонақүйден серуендеуге шығып, кейін кері қайтар жолды таба алмай қалған.
Полицейлер шетелдік азаматқа қажетті бағыт-бағдар беріп, оның қауіпсіз түрде қонақүйіне оралуына көмектесті. Сонымен қатар өңірдегі туристік бағыттар мен қажетті ақпараттар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Өз кезегінде Ұлыбритания азаматы көрсетілген көмек үшін полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, Атырау қаласына алғаш рет келгенін айтты. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы мен ақжарқын қарым-қатынасына жоғары бағасын берді.
Белгілі болғандай, шетелдік азамат Қазақстанға туристік мақсатпен келіп, еліміздің көрікті жерлерін аралауды жоспарлаған.
Туристік полиция қызметі өңір қонақтарына қажетті көмек көрсетіп, олардың қауіпсіз әрі жайлы сапарын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береді.
