Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды

Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделінің ауқымын кеңейту бойынша астаналық топ өткізген екікүндік тренингтік іс-шараға қорытынды жасалды.

ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің өкілдері, ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушылары – республикалық деңгейдегі мамандар солтүстікқазақстандық полицейлер мен шенеуніктерге консультация мен ұсыныстар берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында “Бірқатар өңірлерде пилоттық режимде полицияның сервистік моделі іске қосылғанын атап өтті. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту. Аталған жұмыстың нәтижелі болуы көбіне жергілікті билік органдарының тартылуына байланысты болады”.

Оқылған баяндамаларға сәйкес қоғамға бағытталған полиция жұмысының моделі 19 ғасырда Ұлыбританияда пайда болған. Кейін бұл формат бірқатар дамыған елдерде сәтті енгізілген. ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк айтып өткендей, осы жұмыс аясында тәртіп сақшыларының өзіне нақты талаптар қойылады: барлық бағыттар бойынша дайын болу, қоғамның барлық сұрауларына, полицияның тікелей құзыретіне кірмейтін сұрауларға да жауап беру және ден қою. Сондай-ақ, спикерлер аталмыш жұмыстарды тек полиция ғана емес, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар да жүргізуі қажет екенін атап өтті. Тек бір аумақта шектеліп қалмай, учаскелерде жұмыстарды біртіндеп жүргізуге кеңес берді.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, тренингтердің қорытындысы бойынша облыстық әкімдік, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, қоғамдық бірлестіктер, прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі, полиция өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы мүшелерінің алдында мониторинг жүргізу және азаматтарға нақты қандай көмек қажеттігін, сол немесе өзге ықшам аудандардың тұрғындары не нәрсеге мұқтаж екендігін, сол немесе өзге де қылмыстар немесе құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін мемлекеттік органдардың нақты қандай шаралар қабылдау қажеттігін зерттеу міндеті тұрды. Жиналған аналитикалық материалдар, тілектер мен ұсыныстар өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделі аясында әкімдікке жолданады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру